Дауқара орта мектебінде Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар жоспары құрылып, өткізілді. Жұмыстың мақсаты оқушыларға мейрамның қалай шыққанымен және қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру болды. Әр сыныпта Наурыз мерекесі туралы сынып сағаттары өтті. Мектеп кітапханашысы Мажикеева Ж.Н. «Наурыз – жыл басы» кітаптар көрмесін, «Шебер қолдары» үйірменің жетекшісі Алтаева И.М. наурыз мерекесіне арналған шығармашылық жұмыстар көрмесін ұйымдастырды. Шағын орталық бүлдіршіндері арасында «Қош келдің, Әз Наурыз!» ертеңгілік өтіп, д/т, 1-11 сынып оқушылар арасында «Наурыз - думан» мерекелік бағдарламасы өткізілді. Сыныптар «Шоқан», «Мағжан», «Орынбай», «Ыбрай» «Ақан» ауылдарына бөлініп, ұлттық тағамдардан мерекелік дастархан жайып, наурыз көжеден дәм татып, қазақтың салт-дәстурлерінен көрініс көрсетті. Барлық сыныптар белсенді қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық киімдерін киіп келді.
Мектептегі сыныптан тыс іс-шаралар өте қызықты өтті. Балалар тек мейрам туралы ғана айтып қойған жоқ, барша азаматқа жақсылық пен көктей көгеріп-өсе беруді тіледі. Мерейлі мерекені жоғары деңгейде қарсы алуға мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар барын салды.