Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Наурыз шығыс елдері үшін – бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі болып саналады. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алады. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбиелік, үлгі-өнегелік, сән-салтанаттық мәрт-жомарттық, қадір-қасиеттілік нышан-белгілері мен таным-ұғымдарының үлгі түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көрегенділікке, ізеттілік пен мейірім-шапағатқа баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек. Осы ұлы күнге байланысты халықтың әдет-ғұрыптары мен жол-жоралары, салт-дәстүрлері бар. Қазақ халқы да жыл басы мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Дауқара орта мектебінде Наурыз мейрамына арналған іс-шаралар жоспары құрылып бекітілді. Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған салт-дәстүрін, наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, әрі дамыту және көркейту мақсатында бүгін барлық сыныптарда «Ұлыстың ұлы күні» тақырыбында сынып жетекшілер бірыңғай сынып сағатын өткізді.